​МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ РЕКТОРЛАРЫМЕН БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ӘЗІРЛЕУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласында еліміздегі жекеменшік жоғары оқу орындары ректорларымен кездесті. Жиын барысында бизнес қоғамдастықпен бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлеудің жаңа тәсілдері мен өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, түлектерді жұмысқа орналастыру тетіктері мен жоғары білім беру сапасын арттыру мәселелері қаралды. 💬«Университет базасында, әсіресе өңірлік жоғары оқу орындары базасында бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді дамыту жөніндегі норманы заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Біз академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі жоба шеңберінде өңірлік университеттердің инновациялық инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін қарастырамыз. Зерттеу жүргізу үшін ғылыми зертханаларды құрудың уақыты келді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын 500 ғалым шетелдік ғылыми тағылымдамаларға жіберіледі. Нақты нәтижелер мен зерттеулер жүргізу үшін ғалымдарға жағдайлар жасалуда», - деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.